Перспективалық ауылдарды анықтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.
2019 жылы облыстардың әкімдіктері 454 іс-шара өткізу жоспарланған аудан орталықтары қатарынан 52 ауылдық елдімекенді іріктеп алды.
ҚР Үкіметінің басшысы баяндамаларды тыңдағаннан кейін, 2025 жылға дейін "Ауыл – Ел бесігі" жобасымен 6,1 млн тұрғыны бар 2 мыңға жуық елдімекен немесе барлық ауыл тұрғындарының 80% қамтылатынын атап өтті. Ауылдық елдімекендерді жаңғырту мақсатында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді көздейтін өңірлік стандарттар әзірленген.
Әкімдіктер "Ауыл – Ел бесігі" жобасын жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыруды 20 пайызға дейін арттыру мүмкіндігін қарауға тиіс, сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауыл инфрақұрылымын жаңғыртуға қаражат тарту мәселесін ірі кәсіпорындармен бірлесіп пысықтап, туған ауылдарын көркейту бойынша меценаттармен жұмыс жүргізу қажет.
Бұдан өзге, әрбір өңірге "Жол картасын" жасау тапсырылды, онда іске асыру мерзімдері мен жауапты адамдар нақты көрсетілуі керек.
"Әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін – мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау орындарын жөндеу, елдімекендердің ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстарын осы жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау қажет", – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.