Үкіметте балалар қауіпсіздігі мен инклюзивті білім беру басты назарға алынды

512

​Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Үкіметте балалар қауіпсіздігі мен инклюзивті білім беру басты назарға алынды Фото: primeminister.kz

Кеңесте алдымен жазғы демалыс науқанының барысы қаралды. Биыл еліміз бойынша 3 млн 363 мыңнан астам бала түрлі сауықтыру және демалыс шараларымен қамтылған. Оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 72,8 мың балаға арнайы жағдай жасалған.

Елімізде жұмыс істеп тұрған 174 балалар сауықтыру орталығының 104-і ғана лицензия алған. Лицензиялау жұмыстарын толық аяқтаған өңірлер қатарында жеті облыс пен Алматы және Шымкент қалалары бар.

Ал Алматы облысында төрт, Түркістан облысында үш лагерь ғана лицензия рәсімдеген. Абай облысында әзірге бірде-бір орталық тиісті рұқсат алмаған.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, қазір 87 балалар сауықтыру орталығында тексеріс жүргізіліп жатыр. Оның 26-сында тексеру аяқталып, 20 лагерьде түрлі заңбұзушылық анықталған. Әсіресе, аптап ыстық кезінде балалардың тамақтану сапасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда.

Қостанай облысындағы "Светофор" балалар сауықтыру орталығы санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін жұмысын тоқтатты. Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев балалардың судағы қауіпсіздігі мен өрттің алдын алу шаралары күшейтілгенін айтты.

Балалар лагерлерінде профилактикалық тексерулер жүргізіліп, эвакуациялық оқу-жаттығулар ұйымдастырылған. Ішкі істер министрлігі де жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілгенін хабарлады.

Парктерде, демалыс орындарында, сауда орталықтары мен спорт нысандарында патрульдеу артқан. Сонымен қатар балаларды ұйымдасқан түрде тасымалдау мәселесі бақылауда, осы уақытқа дейін 5 мыңнан астам алып жүру шарасы өткізілген. Жиынды қорытындылаған Аида Балаева барлық жауапты органдарға қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол тамақ сапасына, өрт қауіпсіздігіне, су айдындарындағы қауіпсіздікке және профилактикалық түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлуді міндеттеді.

Кеңесте қаралған екінші негізгі мәселе – инклюзивті білім беруді дамыту болды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026–2030 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспардың жобасын таныстырды. Жоспар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ерте анықтау, оқыту, әлеуметтік бейімдеу және дербес өмірге даярлаудың барлық кезеңін қамтиды.

Құжат төрт бөлімнен, 18 бағыттан және 82 іс-шарадан тұрады. Оны жүзеге асыруға 10 мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар қатысады. Қазіргі таңда елде 539 арнайы ұйым жұмыс істейді. Соған қарамастан, 10 мыңға жуық бала психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысын күтсе, тағы 16 мың бала түзету және оңалту қызметтеріне кезекте тұр.

Сонымен бірге мектеп жасындағы 17 мың бала үйде білім алып жатыр. Кеңес қорытындысында инклюзивті білім беруді дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының негізгі бағыттары қолдау тапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу