Үкіметте бизнестің проблемалық мәселелерін шешу талқыланды

423

Премьер-Министр мемлекеттік органдардың жұмысындағы мәселелер бойынша нақты кесте құруды және жыл соңына дейін олардың Ұлттық палатамен бірлесіп қаралуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Үкіметте бизнестің проблемалық мәселелерін шешу талқыланды Фото: primeminister.kz

Үкіметте Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен кеңес өтіп, бизнестің проблемалық мәселелерін шешу, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын негізсіз талаптарды қайта қарау және қысқарту жөніндегі жұмыс барысы қаралды, деп жазады inbusiness.kz Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, бизнеске қойылатын артық талаптарды жою үшін заңнамаға өзгерістер жедел енгізілуі тиіс.

"Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов 44 қызметтің 26 саласында реттеуші актілерді талдау жалғасып жатқанын хабарлады. Бұл жұмысты 2023 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарлануда. Бұл ретте мемлекеттік органдар бұрын талданған 18 сала, оның ішінде ауыл шаруашылығы, құрылыс, мұнай өндіру, көлік және сауда бойынша құқықтық және заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу рәсіміне кірісті", – делінген хабарламада.

Премьер-Министр басқа салалардағы реттеуші актілерді талдау тез арада жүргізілуі қажет екеніне назар аударды және жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. 

"Тездету керек. "Атамекен" ҰКП тарапынан қолдау тапқан және мақұлданған талаптар бойынша заңнаманы "тазарту" қажет: бұл нормаларды бұйрықтар мен қаулылардан алып тастау керек. Талдау жұмысы аяқталғанша күтпеңіздер. Қажетсіз талаптар анықталды ма? Жұмысын тоқтату үшін оларды жою бойынша дереу шаралар қабылдау қажет",  деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ кеңесте бизнестің проблемалық, оның ішінде Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырыстарында көтерілген мәселелерді шешу бойынша тапсырмаларды орындау барысы қаралды. Премьер-Министр мемлекеттік органдардың жұмысындағы мәселелер бойынша нақты кесте құруды және жыл соңына дейін олардың Ұлттық палатамен бірлесіп қаралуын қамтамасыз етуді тапсырды.

"Шешім қабылдау мерзімін қысқарту керек. "Темірді қызған кезінде соқ", мәселелерді қазір шешу керек. Түптеп келгенде, біз кәсіп иелері тиісті жобаларын іске қосып, жұмыс орындарын құруы және елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартып, халықтың табысын арттыруы үшін оңтайлы бизнес ахуал қалыптастыруға жұмыс істейміз. Барлық мемлекеттік органдар, біздің барша әріптестеріміз осыны ескеруі тиіс",  деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Талқылауға Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, "Атамекен" ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов және т. б. қатысты.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу