Үкіметте дәрілік заттар мен зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу талқыға салынды

287

Қазіргі таңда, республикада темекі өнімдері мен аяқ киім таңбалауға жатады. 

Үкіметте дәрілік заттар мен зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу талқыға салынды  Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте дәрілік заттар мен зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, кеңеске "Атамекен" ҰКП өкілдері де қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Бұл шара тауарларды бақылап отыруға, заңсыз өнімді анықтауға, көлеңкелі айналымды азайтуға және бюджетке түсетін салықты арттыруға септігін тигізеді. Жалпы таңбалау адал кәсіпкерлер мен тұтынушыларды қорғауға бағытталған.

Айта кетсек, дәрілік заттарды таңбалау 2024 жылғы 1 шілдеге жоспарланып отыр. Осыған байланысты, дәріханалар, дәріхана қоймалары және жеке меншік денсаулық сақтау ұйымдарының дайындығын қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар, зергерлік бұйымдарды таңбалауды 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізу жоспарланып отыр. Тиісті пилоттық жоба биылғы қазан айында аяқталды.

Талқылау қорытындысына сәйкес, Премьер-Министр белгіленген тәртіппен таңбаланбаған тауарларды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді, сондай-ақ, пилоттық режимде таңбалауды жүргізу үшін тауарларды іріктеу тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Жалпы осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. Атап айтқанда, 2024 жылы мотор майлары, сыра және сыра сусындары бойынша пилоттық жобаларды жүргізу жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу