Үкіметте ЭКСПО-да көрсетілген технологияларды енгізу мәселесі қаралды

1232

Үкіметте ЭКСПО-да көрсетілген технологияларды енгізу мәселесі қаралды

"Экспо-2017" көрмесінің 55-тен астам жаңа технологиясы Қазақстанда енгізіледі. Бұл туралы үкімет отырысында энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Энергетика министрлігінің сараптамалық жұмыс тобы төрт бағыт бойынша: мұнай және газ — 27 технология,  көмір өнеркәсібі — 7 технология, электр энергетикасы, энергияны үнемдеу және ЖЭК — 63 технология,  экология (қалдықтарды басқару, су тазалау, ауа сапасын бақылау) — 36 технологияны іріктеді.

Бұл тізім ұлттық және жекеменшік компанияларға, сондай-ақ әкімдіктерге технологияларды қарастыру және іріктеу үшін жіберілді. Бұдан өзге, барынша ақпараттандыру мақсатында технологиялар тізімі байланыс ақпараттарымен қоса энергетика министрлігінің сайтында жарияланды.

"Әкімдіктер қазіргі уақытта енгізу үшін 40 технологияны іріктеп алды, оның төртеуі 2018 жылы енгізіледі. Ұлттық компаниялар енгізу мақсатында 15 технологияны іріктеп алды, оның екеуі 2018 жылы енгізіледі", - деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Энергияны үнемдеу, суды тазарту, "ақылды желілер" және кәсіпорындарда ЖЭК пайдалану бойынша технологиялар таңдалған.

Мұнай және газ саласында Ресей, АҚШ, Қытай және Финляндиядан 7 технология анықталды. Мысалға, Қостанай облысы әкімдігі "СГК-510 газ талдау қондырғысы" неміс технологиясын 2018 жылы енгізуді жоспарлауда. Осы технологияны енгізу арқылы газды тұтыну азаяды, бұл жылына 40 млн теңгеге жуық үнемдеуге мүмкіндік береді.  

"Электр энергетикасы" бағыты бойынша 35 технология анықталды, оның ішінде әкімдіктер 26 технологияны таңдады. Солардың бірі — "Ұялы телефондарға арналған тегін қуаттаудың автономдық станциялары" қытайлық технологиясы, ол 2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысында енгізіледі. Бұл технология тұтынылған электр энергиясына жұмсалатын шығындарды және қоршаған ортаға жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта әкімдік қытайлық Shenzhen компаниясымен жабдықтарды жеткізу туралы келісімге келді.

"Экология" бағыты бойынша әкімдіктер тұрмыстық және өнеркәсіптік сарқынды суларды тазарту, ауа сапасын бақылау және қалдықтарды басқару саласында 10 технологияны таңдады.

Энергетика министрінің айтуынша, технологиялар тізімі әлі нақтыланады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу