Үкіметте капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру мәселесі талқыланды

832

Премьер-министр Әлихан Смайылов капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру және елімізден қаражаттың жылыстауына қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шараларды күшейту жөніндегі ұсыныстарды талқылау бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Үкіметте капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру мәселесі талқыланды

Үкімет басшысы баспасөз қызметінің мәліметінше, премьер-министрдің өкімімен комиссия және оның аясында 5 жұмыс тобы құрылды. 

Жұмыс топтары ақшалай қаражаттың жылыстауы бойынша талдау жүргізіп, капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру, шектеу шараларын енгізу, шығарылған капиталды қайтару шараларын қабылдауға байланысты тиісті ұсыныстарды әзірлейді.   

Атап айтқанда, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне валюталық бақылаудың жекелеген функцияларын беру жөніндегі ұсыныстар талқыланды. 

Ынталандыру шараларының бірі – келіп түскен валюталық түсімнің 80% айырбас жасалған жағдайда, қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларын оңайлатылған тәртіппен өтеу. 

Сондай-ақ резидент еместерге дивидендтер төлеу кезінде салықтық жеңілдіктерді жою, резидент емес өзара байланысты тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді шектеуді енгізу сияқты шаралар ұсынылады.

"Трансферттік баға белгілеу туралы" заңды жетілдіруге бағытталған нормалар әзірленді. 

Сондай-ақ капиталды елге қайтаруды ынталандыру, капиталды елден шығаруды салықтық әкімшілендіруді күшейту бойынша да шаралар пысықталып жатыр.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар Мемлекет басшысының атына жолданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу