Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың төрағалығымен еліміздің азаматтарының табысын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ көп балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz .
Жұмыс кеңесі аясында халықтың әлсіз топтарын, әсіресе көп балалы отбасыларды қолдаудың қосымша тетіктерін әзірлеу және әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Еліміздің өңірлерінде көп балалы отбасылармен кездесулер және аулаларды аралау барысында жұртшылықтан түскен нақты ұсыныстар қаралды.
Е. Досаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсарту - Үкімет жұмысының ҚР Президенті Н. Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында атап көрсеткен басты басымдығы екенін атап өтті. Осыған орай, азаматтардың табысының өсуін қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі міндеттер орталық және жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі.
Жұмыстың негізгі бағыттары ретінде мыналар анықталды:
бюрократиялық рәсімдерді оңайлату арқылы атаулы әлеуметтік көмек алуды жеңілдету;
мемлекеттің қолдауына мұқтаж көп балалы отбасыларға жәрдемақы төлеу тетігін жетілдіру;
жергілікті атқарушы органдар жекелей көп балалы отбасыдан шыққан балаларды бастауыш сыныпта тегін ыстық тамақпен, қоғамдық көлікте жол жүру билетімен қамтуды және т.б. кеңейту мәселесін қарастырады;
аса мұқтаж көп балалы отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту тұрғысынан муниципалды арендалық тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мүмкіндігі жекелей қарастырылады.
Кеңеске "Нұр Отан" партиясының өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, әлеуметтік-экономикалық блок, инфрақұрылымдық даму, ішкі істер министрліктерінің, сондай-ақ селектор режимінде - жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты. Бұдан өзге, бүгінгі отырысқа сараптамалық қауымдастық пен ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова еліміздің барлық өңірінде оперативтік штабтар құрылғанын айтты. Халықпен және бастамашы топтармен кездесулер өткізілуде, сонымен қатар балалы отбасылардың тұрғын үй-тұрмыс жағдайын тексеру мақсатында аулаларды аралау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде жергілікті жерлерде ұсынылатын түрлі әлеуметтік қызметтер, денсаулық сақтау қызметтері, білім беру, тұрғын үй жағдайлары, әлеуметтік қорғау салаларына қатысты 1500-ден астам ұсыныс жинақталған. Азаматтар әкімдіктерге жүгіну арқылы қосымша ұсыныстарын жеткізе алады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж. Қасымбек азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мәселелері туралы баяндады. Мәселен, халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру бойынша қосымша нақты тетітер әзірленіп жатыр. Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев жаңа мектептер салу, бастауыш сыныптардың оқушыларын тегін тамақпен қамту үлесін кеңейту, сондай-ақ ауылдық елді мекендерде білім берудің қолжетімділігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов медициналық қызметтердің сапасын жақсарту, олардың қолжетімділігін арттыру және балаларды денсаулық сақтау жүйесімен қамту бойынша орындалып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. Үлестеу тетігі көп балалы отбасылардың мүшелеріне, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қымбат тұратын процедураларды, дәрі-дәрмек түрлерін, стоматологиялық қызметтерді және т.б. алуына мүмкіндік беретіні аталып өтті. Өз кезегінде, қаржы министрі Ә. Смайылов бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы туралы баяндады. Республикалық бюджеттен 2019 жылға әлеуметтік салаға 4,8 трлн теңге бағытталады, бұл бюджеттің барлық шығындарының 45% құрайды. Сонымен қатар, әлеуметтік сала шығыстарының үлесін одан әрі арттыру жұмыстары жалғаспақ. Жұмыс тобының келесі отырысы 21 ақпанда өткізілмек.