Үкіметте Нашақорлыққа қарсы күрес кешенді жоспарының жобасы қаралды

Премьер-Министр есірткінің таралу мәселесі жыл сайын өршіп бара жатқанын жеткізді, деп жазады inbusiness.kz. 

Үкіметте Нашақорлыққа қарсы күрес кешенді жоспарының жобасы қаралды Фото: Егемен Қазақстан

Атап айтқанда, синтетикалық есірткі жылдан жылға қолжетімді болып барады. Олар Интернет, пошта арқылы және "жасырын жерлер", анонимді электрондық төлемдер сияқты жаңа тәсілдермен таратылуда. Бұл тәсілдердің бәрінде "есірткіні сатушы мен тұтынушы" арасындағы өзара бетпе-бет байланыс болмайды, сондықтан қазір есірткі сатушылар мен тұтынушыларды құрықтау әлдеқайда қиын.

"Есірткі сайттарын және осыған ұқсас хабарландыруларды анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіру жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ есірткі айналымына байланысты ақша аударымдарына тыйым салу мәселелерін пысықтау қажет", — деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса Үкімет басшысы органдардың әдістерімен ғана бұл проблеманы шешу мүмкін емес екенін атап өтті, себебі сұраныс бар жерде сатушы да болады. Осыған байланысты нашақорлық мәселесін барлық мүдделі мемлекеттік органдарды, үкіметтік емес ұйымдарды, бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілер мен отбасы институттарын тарта отырып, кешенді түрде шешу керек. Нәтижесінде қоғамда есірткіге "мүлдем төзбеушілік" қағидатын қалыптастыру қажет.

"Ең алдымен, оқу орындарында профилактикалық жұмысты күшейту керек. Бізге нақты әлеуметтік нәтиже қажет", — деді Премьер-Министр.

Нашақорларды емдеу, оларды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу әдістемелерін жетілдіру қажет. Бұл орайда үздік халықаралық тәжірибелерді ескеру маңызды.

"Нашақорлықтан айыққан адамдарға қоғамның дұрыс көзқарасын қалыптастырған жөн. Бұл жерде емдеуге ынталандыру ғана емес, ондай адамдарды одан әрі әлеуметтендіру қажет. Сондықтан Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері осы бағыттағы күш-жігерін біріктіріп, тиісті шараларды ұсынуы керек", — деді Ә.Смайылов.

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы сот сараптамасы органдарын материалдық-техникалық жарақтандыру қажеттілігіне назар аударды, бұл есірткі қылмыстарын тергеудің сапасы мен жеделдігіне тікелей әсер етеді.

"Ішкі істер министрлігі Кешенді жоспардың жобасын келісу рәсімдерін аяқтауды жеделдетіп, оны іске асыруға кірісуі қажет", — деді Әлихан Смайылов.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу