Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру және инфляцияны тежеу жөніндегі апта сайынғы кеңесте 2025-2026 жылдарға арналған тұрақтандыру қорларын толықтыру үшін жаңа өнім бойынша келісімшарт жасау барысы мен соңғы аптадағы баға динамикасы талқыланды.
Екінші апта қатарынан әлеуметтік тауарлар бағасының орташа индексі 0% деңгейінде сақталып отыр. Өткен аптада бірқатар тауар бағасының төмендеуі байқалды: күріш (-0,2%), қырыққабат (-2,2%), сәбіз (-4,1%), картоп (-5,7%), пияз (-9%).
Сиыр еті нарығындағы жағдай бөлек қаралды. Апталық бағаның 0,8%-ға өсуімен жыл басынан бері жиынтық өзгеріс 20,2% болды. Бұл әлемдік ет бағасының өсу қарқынынан және көрші елдердегі бағадан төмен.
– Қазақстандық сиыр еті бәсекеге қабілетті: елдегі орташа баға бір кг үшін 3105 теңге, бұл ЕАЭО елдері мен Өзбекстанға қарағанда төмен. Бұл ретте көрші елдер тарапынан сұраныс тұрақты жоғары екенін атап өту керек, – деді Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Келесі маусымда картоп бағасын өсуін алдын алу үшін Сауда министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен, әкімдіктермен және картоп өсірушілер одағымен бірлесіп тұрақты жеткізілімдер мен бағалар туралы меморандум дайындап жатыр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің мәліметінше, 22 тамыздағы ақпарат бойынша қырыққабат – 317,9 мың тонна, картоп – 512,9 мың тонна, пияз – 226,8 мың тонна, сәбіз 98,8 мың тонна жиналды.
Сонымен қатар, барлық өңір күзгі-қысқы және көктемгі кезеңдерде қолжетімді бағаларды қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорларына күзгі көкөністерді келісімшарттауды аяқтаған жоқ.
Вице-премьер СИМ-ге өнімнің жеткілікті көлемде болуы мен сапасын үнемі бақылау үшін тұрақтандыру қорларын тексеру алгоритмін әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ, кеңесте тұрақтандыру қорларын бақылау үдерісін цифрландыру бойынша бастама көтерілді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің түсуін және шығуын тіркеу үшін бейнемониторинг жүйелерімен әрі көкөніс қоймасының сканерлеуші құрылғыларымен жарақтандыру ұсынылады.
Бұл өнім қозғалысының ашықтығын және оны онлайн режимде бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Серік Жұманғарин бұл бастаманы қолдап, өңірлерге оны енгізу тетіктерін пысықтауды тапсырды.