Үкіметтегі ауыс-түйіс: 9 министр тағайындалды

664

Президент Смайыловтың командасын қайта жасақтап жатыр.

Үкіметтегі ауыс-түйіс: 9 министр тағайындалды

Үкімет үйіндегілер де жаңа аптаны су жаңа министрлермен қарсы алды. Бүгін 9 министрліктің басшысы кабинеттеріне барып, жұмысқа кірісті. 

Президент Смайыловтың командасын қайта жасақтап жатыр. Алдымен 2 орынбасарының жүктемесін азайтып, оларды министрліктен алып тастады. Тамара Дүйсенова тағы да шаршады ма, әлде 2 кеменің тізгінін ұстау қиын соқты ма, министрлікке Дүйсенованың бұрынғы орынбасары Светлана Жақыпова келді. Журналистер "жынына тиетін" Серік Жұманғарин де, Сауда министрі лауазымын босатып, енді елдің ішкі-сыртқы сауда-саттығымен Арман Шаққалиев айналысатын болды.

"Бөлек вице-премьер ол жұмысты беріліп істейді. Екі қызметте отырғанда өз министрлігінің жұмысына кірісіп кетіп, вице-премьерлікке қол жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан қол бос болсын, жұмысқа кіріссін деп сондай логика деп ойлаймын", - дейді саясаттанушы Талғат Қалиев.  

Жаңа құрылған және қайта құрылымдауға түскен ведомстволарды кім тізгіндейтіні де белгілі. Ел тарихында ең жас министр ретінде қалған Асхат Оралов орнын Аида Балаеваға босатып берді. Ал, Туризм және спорт министрлігін басқаруға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев келді.  Министр Қарабаев енді тек көлік саласына жауапты болады. Су жаңа ведомоство Өнеркәсіп және құрылысты "Бәйтеректі" басқарған Қанат Шарлапаев тізгіндейді. Әзірге Табиғи ресурстар министрлігінің бас кабинетіне кім келетіні ғана жұмбақ. Жаңа құрылған су ресурстары министрлігіне Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов келді.

"Өте орынды, дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын. Бізде кадрлық ауысу жиі болып жатады әсіресе су саласында. Сол кадр ауысқанмен жүйе өзгермейтіндей, жұмыстарды келесі кадр жалғастырып кететіндей жүйені қалыптастыру керек. Қазіргі тағайындалған министр кадр мәселесі бойынша өте орынды тағайындалған кадр деп ойлаймын. Су саласын өте жақсы біледі. Жамбыл облысында әсіресе, судан қиналатын Жамбыл облысы, ол  кісі сол жерде басқармаларда жүріп, облыс әкімінің орынбасары болып жүріп сумен айналысқан. Қазіргі жағдайларды да жақсы біледі", - дейді су саласының сарапшысы Ислам Әбішев.

Каспий банкте кепілге алынғандарды құтқарып, ел есінде қалған Марат Ахметжанов сенбі күні орнын Ержан Сәденовке босатып берген еді. Ауыл шаруашылығын дөңгелете алмады деп көп сынға іліккен Ербол Қарашөкеев те аттан түсті. Енді саланың 2 тізгін, 1 шылбырын осыған дейін Солтүстік Қазақстанды басқарған Айдарбек Сапаровқа берді. Қазір 3 облыс әкімінің орны бос тұр. Соған қарағанда ауыс-түйіс аяқталмады. 

"Қазір келген адамдар бәрі тәжірибесі мол адамдар. Меніңше, қазір Президент келіп, үйренетіндей уақыт жоқ деп, орнына қойып жатқан көрінеді. Облыс әкімі болсын, министр болсын саяси қызметкер сондықтан оларды ауыстыра беруге болады. Сондықтан аймақта істеп келген адам тәжірибесі мол. Туризмді аймақта қалай дамыту керек, оны қалай үйлестіру керек, бөлінген ақшаны қалай жұмсайды бәрін біліп түсінген адам, орталықта жұмысты оңайлау істейді", - дейді саясаттанушы Талғат Қалиев.  

Кім құдай айдап, орнында қалады, кім саясаттағы қызметін тоқтатады, кімге жаңа орын бұйырады оны тап басып болжау қиын. Жаңа тағайындалған 9 министрдің де жұмысына баға беру әлі ерте. Десе де, қай-қайсысы да саясатқа күні кеше келген жоқ. Президент күткен, тапсырған мәселелерді тап-тұйнақтай шеше ме, әлде сол күйі өзгеріссіз қала ма белгісіз. Жылы орнын босатқандардың да қайда тағайындалатынын уақыт көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу