19 заң жобасының 12-сі Президенттің тапсырмасын іске асыруға бағытталған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста Үкіметтің 2025 жылға арналған заң жобалау жұмысының жоспары бекітілді.
Енді Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдар экономиканың орнықты дамуына, денсаулық сақтау жүйесі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған заңнамалық бастамаларды дайындауы тиіс.
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде жоспар жобасы қаржы нарығын тұрақты дамытуға және кәсіпкерлік субъектілері мен азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыруға бағытталған "Банктер және банк қызметі туралы" жаңа заңды әзірлеуді көздейді. Сондай-ақ, сайлау заңнамасын, мемлекеттік қызметті, міндетті медициналық сақтандыруды, денсаулық сақтауды дамытуды, баламалы энергия көзін, телекоммуникация нарығын және деректер орталықтарын жетілдіруге ерекше назар аударылды.
Үкімет мүшелері жиында ұсынған жоспар жобасын мақұлдады. Сөз соңында Премьер-министр биылғы жоспардан қалған барлық заң жобасын Парламентке енгізу жұмыстарын аяқтауды және сапалы сүйемелдеуді тапсырды.