Үкіметтің алдына қойылған міндеттері толыққанды орындалмады - Тоқаев

539

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің жұмысына баға берді.  

Үкіметтің алдына қойылған міндеттері толыққанды орындалмады - Тоқаев Фото: t.me/bort_01

Президенттің айтуынша, Үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ашығын айтуымыз керек, Үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалған жоқ. Мысалы, әбден ескірген, қажеті жоқ нормативтік актілерді жою керек екені осыған дейін де бірнеше рет айтылды, Үкіметке тиісті тапсырмалар да берілді. Соның кесірінен министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды", - деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Оның айтуынша, бітпейтін жиналыстар мен құжатты келісу жұмысына өте көп уақыт кетеді.

"Министрлік және ұлттық компания басшылары нақты шешім қабылдауға келгенде, өздеріне жауапкершілік алудан бастарын алып қашады. Ал тұтас елдің, халықтың тағдыры сол маңызды шешімге байланысты болып жататыны, өкінішке қарай, ескерілмейді. Үкімет пен Президент Әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимыл дұрыс жолға қойылмаған", - деп атап өтті ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, халық тарапынан Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысына арыз-шағым айтылуда.

"Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде. Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды. Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев "келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін" екенін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу