Украина аумағынан 450-ден астам қазақстандық эвакуацияланды

1348

Қазақстанның Украинадағы елшілігінде 1,6 мыңға жуық адам тіркеуде тұр.

Украина аумағынан 450-ден астам қазақстандық эвакуацияланды

Украина аумағынан 450-ден астам қазақстандық эвакуацияланды, 2 наурыз тағы 80-ге жуық ел азаматы шекарадан өтеді. Бұл туралы Парламент отырысында ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz 

"Осы күндері Украина аумағынан шекара арқылы 450-ден астам адам эвакуацияланды. Қазір Киевте бір топ, Львовта бір топ қазақстандық жиналуда, бүгін тағы 70-80 адам шекарадан өтеді деп күтілуде", – деді Нұрышев Парламент отырысында.

Сонымен қатар ол жолда қалып қойған жүк тасымалдаушыларға қатысты әлі біраз мәселе бар екенін атап өтті. 

"Бізде 55 көлік туралы толық ақпарат бар, оның 19-ын Ресей жағымен, поляк тарапымен, Беларусь тарапымен келісіп қойған. Олар шекарадан өтуі үшін Молдовамен де мәселе шешілді. Қалғандары қазір нақты қайда екенін және нақты қандай мемлекеттердің шекарасынан өтуге болатынын анықтап жатырмыз", – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Сонымен қатар спикер Қазақстанның Украинадағы елшілігінде 1,6 мыңға жуық қазақстандықтың тіркелгенін еске салды.

"660 адамды эвакуациялау бойынша өтініштер түсті", – деді спикер.

Оның айтуынша, Қазақстанның Киевтегі елшілігінде елшімен қоса 8 қызметкер қалды.

"Олардың барлығы Киевте, соғыс қимылдары, атыс, бомбалау болып жатқанына қарамастан, біздің азаматтарды эвакуациялаумен айналысуда", – деді Нұрышев.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу