Ресейге Беларусьтен теміржол көлігімен тасымалданатын бензин экспорты қыркүйекте тамыздағы көрсеткіштен төрт есеге өсті. РФ-ның отын нарығындағы жанармай тапшылығына оның энергетикалық инфрақұрылымына Украина әскері жасаған шабуылдар себепші. Мұны осы саламен етене таныс дереккөздерге сүйеніп, Reuters агенттігі хабарлап отыр.
Соңғы апталарда Ресейдің бірнеше аймағында норма енгізілді. Бұндай жағдай Украина дрондарының соққыларынан мұнай өңдеу зауыттарының қирауы салдарынан танымал бензин маркалары азайған шақта қалыптасып отыр. Сонымен қатар, Мәскеу отын дағдарысын еңсеру үшін бензин мен дизельдік отын экспортын шектеуге мәжбүр.
Айта кетсек, Ресей өткен жылы дефицитті жабу мақсатында Беларусьтен жанармай импортын арттырды.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, өткен айда Ресейдің ішкі нарығына Беларусьтің мұнай өңдеу зауыттарынан теміржолмен жеткізілген бензин көлемі 49000 тоннаға немесе тәулігіне 14500 баррельге дейін артқан. Сонымен қатар, Ресей одақтасынан қыркүйекте 33 мың тонна дизельдік отын да сатып алды.
Қысқасы өзін энергетикалық супердержава санайтын Ресейде жүргізушілер үшін көлік ұстау қиындап барады. Елдің кейбір аймақтарында автомобилистерге бір мәрте жолға шыққаны үшін 10-20 литр ғана бензин беріледі. Оның өзін табу кей жерлерде қиын. Ал бірқатар өңірлерде дизельдік отын ғана қалған.
Тамыздан бастап Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына дрондармен шабуыл жасауды үдетті. Соның салдарынан стратегиялық кешендерінің кемінде бесеуі жартылай немесе толық тоқтап, елдің мұнай өңдеу қуаты 17 пайызға немесе тәулігіне 1,1 миллион баррельге қысқарып, отынның көтерме бағасы күрт өсті.
Кейбір деректерге сүйенсек, Мәскеу дрондардың ұдайын шабуылына байланысты мұнай өндірісін қысқарту мүмкіндіктерін де қарастырып жатыр. Алайда, құбырлар монополисіне айналған "Транснефть" бұл ақпаратты растамады.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жақында мәлімдегендей, "Ресей азаматтары президент Путиннің айналасына топтасып", кез-келген ауыртпашылықты көтеруге дайын.
"Бір кездері Путин энергия экспортын өзінің қуатын паш ету үшін пайдаланды. Енді мемлекетті отынмен қамтамасыз ету қиындап барады. Президент экспортқа тыйым салып, саботаж жайлы пропагандаға жүгінуі мүмкін. Бірақ босап қалған колонкаларды өтірікпен толтыра алмайсың. Telegram-каналдарда жанармай құю станцияларына шағым көбейіп келеді.
Егер Путиннің қазба байлықтар үстемдігіне негізделген империясы энергия тапшылығынан күйрейтін болса, нағыз ирония сонда болар еді", – деп жазады The Moscow Times газеті.