Украина биыл Астанада өткелі отырған ЭКСПО-2017 көрмесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйікті әншілерін алып келмек. Бұл туралы бүгін Қазақстандағы Украина істерінің уақытша сенімді өкілі Володымыр Джиджора мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.
"Біз энергетика тұрғысынан ғана емес, Украинада бар барлық қызықты әкелуге тырысамыз. Украина әртістері де келеді, соның ішінде президент Назарбаевтың сүйікті әншілерін шақырдық. Елбасы, Президент мырза студент кезде Днепроджерзинскіде оқыған кезде сүйіп тыңдаған музыкадан бөлек, Украинаның қазіргі заманғы музыкасымен де қызығатынын анықтадық. Сондықтан оларды да Қазақстан жұртшылығы мен президент үшін Астанаға алып келуге тырысамыз", – дейді Володымыр Джиджора.
Алайда қандай әншілер келетінін Украина өкілі құпия сақтауды жөн көрді.
"Ол – тосынсый болмақ. Әзірге оны құпия сақтағымыз келеді", – дейді ол.
Айта кетейік, Украина ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу келісімшартына 2016 жылдың 16 қарашасында қол қойған болатын. Володымыр Джиджораның айтуынша, көрмеге баламалы энергия өндіруші украиналық 10 компания қатысуға ниет білдірген. Оның қатарында ДТЭК, "ФУРЛЕНДЕР Виндтеxнолоджи", "SYNEKO", "SolarGaps" бар.