Украина маңызы бар, бірақ кедей ел – Зеленский

840

Бұл ел бірнеше миллиард долларға жеткен қарызын төлеуі тиіс.  

Украина маңызы бар, бірақ кедей ел – Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский билікке келгеніне бір жыл өтуіне байланысты ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында осындай мәлімдеме жасады.

"Біз маңызы бар, бірақ кедей елміз. Осыны мойындау керек. Төлейтін қарызымыз шаш етектен. Миллиардаған долларды жыл сайын төлеп отырмыз. Оны біз алған жоқпыз, бірақ біз төлейміз", – деп басып айтты.

Зеленский Киев ақшаны басып шығарып жатпағанын алға тартып, Украина қиын кезеңде әлеуметтік төлемдер, жалақымен қамтамасыз ету үшін қолдан келгенді жасайтынын мәлім етті. Коронавирус пандемиясына қарамастан баспасөз мәслихаты онлайн форматта өтпеді. Дегенмен журналистер арасында әлеуметтік дистанция сақталды.

Бұған дейін БҰҰ экономикалық дағдарыс кесірінен Украинада әлеуметтік жағдайы төмен жандардың саны өседі деген болжамымен бөліскен болатын. Ұйымның есебінше, бұл елдегі кедейлердің саны 6 миллионнан асып түсуі мүмкін.

Елдегі социолагтар жүргізген сауалнамаға сүйенсек, сәуірдің соңында украиналықтардың 39%-ы қаржы жағынан қиналса, 45%-ның жеке басында жинақ ақшасы болмаған.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу