Флоридада АҚШ пен Украина делегациялары арасындағы Украинадағы соғысты тоқтату шарттары бойынша келіссөздер өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келіссөздерге өте нәтижелі деп баға берді. Оның айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату үшін әлі де көп жұмыс істеу керек. Рубио даулы мәселелерді шешу кезінде Ресей де өз үлесін қосуы тиіс деген пікірде. Ол АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф 1 желтоқсанда Мәскеуге аттанатынын растады.
Мемлекеттік хатшы келіссөздерде соғысты тоқтату ғана емес, ұзақ мерзімді қауіпсіздік мәселелері де талқыланғанын баса айтты.
"Біз Украинаға тұрақты қауіпсіздік орнатуға көмектескіміз келеді. Ең маңыздысы ол жақта нағыз өркендеу дәуірі басталғанын қалаймыз", – деді Рубио.
Ал Украина делегациясының жетекшісі, Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров америкалық әріптесінің сөзін қостады. Ол АҚШ тарапынан үлкен қолдау көрсетілгенін атап өтті.
CNN телеарнасы Флоридада өткен Вашингтон мен Киев делегациялары арасындағы келіссөздерде ең өзекті мәселелер талқыланғанын жазды. Ал The Wall Street Journal газеті келіссөздердегі басты тақырыптардың бірі аумақтық мәселелер мен Украинада сайлау болғанын хабарлады.