Украина нарығында қазақстандық газдың үлесі 20 пайызға жетуі мүмкін

750

Украина нарығында қазақстандық газдың үлесі 20 пайызға жетуі мүмкін

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстаннан Украинаға тасымалданатын сұйытылған газдың көлемі 30 пайызға артты. Бұл туралы халықаралық "ЭКСПРО" сараптамалық компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.

Қазақстанның мұнай өндіретін зауыттарының сұйытылған газы Украинаға тұрақты түрде тасымалданады. Небәрі үш айда Украинаға жеткізілген сұйық отынның көлемі 30 пайызға артып, 36 мың тонна газды құрады.

"Бұл – соңғы 8 жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Қазақстаннан жеткізілген пропан-бутанның сапасы жоғары, еуропалық талаптарға сай", – деп мәлімдейді сала мамандары. 

"Біздің есебіміз бойынша, биыл Қазақстаннан Украинаға тасымалданатын сұйытылған газдың көлемі әлі де арта түспек. Қазақстандық мұнай компаниясы тасымалының арқасында 2017 жылы тамыз айында Украина газ нарығындағы үлкен дағдарысты еңсеріп, бағаның шарықтап кетпеуіне қол жеткізді", - дейді мұнай өнімдері нарығының сарапшысы Иван Кудинов.

Украинада сұйытылған газға сұраныс жыл сайын артып келеді. Айталық, автогазға деген қажеттілік тек бір айда 150 мың тоннаны құраған. Мұнай өнімдері нарығының сарапшылары қазіргі күні қазақ газы Украина нарығының 18 пайызын құрайтынын айтады. Жыл соңына дейін пайыздық үлес арта түсуі әбден мүмкін.

"Жыл аяғына дейін Украина нарығындағы қазақстандық газдың үлесі жиырма пайызға жетуі мүмкін. Бұл қазақ және украин компанияларының бір жылға дейін жасаған келісімшартының негізінде жүзеге аспақ", - дейді мұнай өнімдері нарығының сарапшысы Иван Кудинов. 

Халықаралық "ЭКСПРО" сараптамалық компаниясы қазақстандық сұйытылған газ тасымалының артуына екі фактордың ықпал еткенін айтады. Алғашқысы Украина пропан бутанды автогаз ретінде тұтынатын әлемдегі ірі он мемлекеттің қатарына енеді. Екінші фактор – Қазақстанның өнімі сапалы әрі өндірушілердің баға саясаты Украина трейдерлерінің көңіліне қонымды болып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу