Украина жақын арада Мадридте өтетін НАТО саммитіне ресми түрде шақырылады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бірақ ел Президенті Владимир Зеленскийдің келетіні не келмейтіні белгісіз. Оның жиынға қатысуы қақтығыстың өрбуі мен оның елден кету мүмкіндігіне байланысты.
Испанияның Europa Press агенттігінің хабарлауынша, Зеленскийдің саммитке келетіні жиын алдында хабарланады.
НАТО Бас хатшысының орынбасары Мирчи Джоанэ Зеленскийдің саммитке қалайда қатысатынын айтты.
Кездесу IFEMA көрме кешенінің үш павильонында өтеді. Саммитке 5 мыңға жуық адам: саясаткерлер, делегациялар мен ұйымдардың мүшелері, журналистер қатысады. Басқосуға 30 мемлекеттің басшысы келеді. Олардың қатарында Жапония, Австралия, Австрия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Финляндия, Ирландия, Кипр, Мальта және Швеция басшылары бар. Сонымен қатар саммитте Еуропалық институттардың басшылары да қатысады.
Табиғат Нұрболат