Украина өз ұсынысын Уиткофф арқылы Ресейге жеткізеді

836

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф 20 қазанда Ослода Украина президенті Владимир Зеленскиймен және Еуропа елдерінің өкілдерімен келіссөз жүргізді.

Украина өз ұсынысын Уиткофф арқылы Ресейге жеткізеді Фото: AFP

Стив Уиткофф бүгін, 21 қазанда Ресейге ұшып барды. Сапар барысында РФ президенті Владимир Путинмен кездеседі.

АҚШ тарапы Украинаның жаңа ұсыныстарын Мәскеумен талқылауды жоспарламақ, деп жазады inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.

Басылымының жазуынша, Уиткоффтың Ресейге сапар шегетінін ТАСС агенттігінің дереккөзі, Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре және Финляндия президенті Александр Стубб растаған. Стёре мен Стубб кездесудің Санкт-Петербург қаласында өтетінін мәлімдеді.

Ослодағы келіссөзге Зеленский, Уиткофф, Стёре және Стубб қатысқан. Axios мәліметінше, кездесуге Германия, Ұлыбритания, Франция, Польша және НАТО өкілдері де келген. Ал АҚШ-тың екінші келіссөз жүргізушісі, Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер тұмаумен ауырып қалуына байланысты кездесуге қашықтан қосылған.

Келіссөз барысында Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері, аумақтық мәселелер, санкциялар және соғыстан кейінгі Еуропаның қауіпсіздік жүйесі талқыланған.

Финляндия президенті Александр Стубб келіссөз қорытындысында бейбіт келісімнің жалпы шарттары мен қысқамерзімді мақсаттар бойынша "нақты ілгерілеушілікке" қол жеткізілгенін айтты. Оның сөзінше, талқыланған ұсыныстар 21 қазанда Санкт-Петербургте Ресей тарапына таныстырылады.

Владимир Зеленский баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путин, АҚШ президенті Дональд Трамп және Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Украинадағы соғысқа қатысты ықтимал үшжақты кездесуі туралы ақпаратқа да пікір білдірді.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы мұндай кездесуді қараша айында өткізу ұсынылғанын хабарлаған еді.

"Егер әңгіме Украина мен біздің болашағымыз туралы болса, мұндай кездесу тек біз де келіссөз үстелінде отырған жағдайда ғана қабылданады", – деді Зеленский.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу