Украина Путин бейнеленген жаңа пошта маркасын шығарды

608

Пошта маркасы әйгілі британиялық көше суретшісі Бэнкси туындысына негізделген.    

Украина Путин бейнеленген жаңа пошта маркасын шығарды Фото: bbc.com

Ресейдің Украина аумағына соққы жасап, толық ауқымды соғыс жариялағанына орай, Украина арнайы пошта маркасын шығарды, деп жазады inbusiness.kz.

Бэнкси - заманауи өнер әлемінде кез-келген қақтығыстан қалыс қалмайтын, халықаралық шиеленістерге қатысты граффитилерімен танымал суретші. Әсіресе, оның Палестина ғимараттарының қабырғаларына салынған суреттері әлемді дүр сілкіндірді.

Осы жолы да ағылшын суретшісі әдетінен таймай, соғыс басталған уақытта Украинаның бірнеше қалаларында, соның ішінде Киевке жақын жерде орналасқан Бородянка қаласында өзіндік ізін қалдырды.

BBC хабарлауынша, құлаған ғимараттардың бірінің қабырғасында дзюдо жекпе-жегінде кішкентай баладан ұтылған Путинге ұқсас адам бейнеленген. Ресей Президенті - дзюдо спортынан қара белбеу иесі.

Дәл осы картина Украина шығарған мерейтойлық жаңа пошта маркаларының негізіне алынып отыр. Халық оның жұмысын Украинаның Ресей агрессиясына қарсылығының айқын көрінісі деп біледі.

Марка айналымға шыққан күні Киевтің бас поштасының алдында оны сатып алмақ болған адамдар ұзын-сонар кезекке тұрды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу