Украина Ресей Федерациясының келіссөздер туралы жаңа ұсынысын қабылдамады

694

Украина СІМ спикері Олег Николенко Мәскеудің келіссөздерге дайын екендігі туралы жаңа мәлімдемесін "көзбояушылық" деп бағалады.

Украина Ресей Федерациясының келіссөздер туралы жаңа ұсынысын қабылдамады Фото: dw.com

Олег Николенконың айтуынша, Ресей Федерациясы Украинада бейбітшілікті қалпына келтіруге мүдделі емес, тек уақыт созудың амалын жасап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Ресейлік шенеуніктер әскерлері ұрыс алаңында жеңіліске ұшырағанда ғана келіссөз жүргізу туралы ойлана бастайды", - деп жазды ол Facebook-те.

Николенко "бейбіт келіссөздерге шынымен қызығушылық танытқандар қалалар мен ауылдарды жоймайды, азаматтарды өлтірмейді, энергетикалық инфрақұрылымды бұзбайды, уақытша басып алынған аумақтардың тұрғындарын қинап, азық-түлікпен қамтамасыз етуге кедергі жасамайды" деп атап өтті. 

"Мәскеу Украинада бейбітшілікті қалпына келтіруге мүдделі емес. Ресей Федерациясы бөлімшелерді қайта топтастыруға, жаңадан жұмылдырылған ресейліктерді дайындауға, қару-жарақтың жетіспеушілігін шешуге, логистиканың кемшіліктерін жойып, жаңа күшпен басқыншылық жасауға уақыт ұту үшін ғана келіссөзге шақырып отыр. Бұл 2014-2015 жылдардағыдай құр көзбояушылық", - дейді украин шенеунігі. 

Ол сондай-ақ Ресей әскерлерін Украинаның бүкіл аумағынан шығару, басып алынған аймақтардағы заңсыз шешімдердің күшін жою мен Украинаға өтемақы төлеуді бастау сынды талаптар орындалғанда ғана келіссөздер жүргізу мүмкін екенін атап өтті.

9 қараша күні Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова Ресейдің Украинамен келіссөздерге "әлі де" ашық екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар, сол күні Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгу 24 ақпаннан кейін Ресей басып алған жалғыз украиналық орталық - Херсоннан шегіну туралы бұйрық берді. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу