Бұл тізім Ыстамбулда өткен тікелей келіссөздердің екінші кезеңінде берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
Украина тарапы балалардың қайтарылуын соғыс қимылдарын тоқтатуға және болашақ бейбіт келісімге жетудің маңызды шарты ретінде қарастырады.
Украин делегациясының басшысы Рустем Умеров: "Егер Ресей бейбіт келіссөздерге шынымен мүдделі болса, бұл тізімдегі балалардың кемінде жартысын қайтаруы тиіс", – деп мәлімдеді.
Ал Ресей тарапынан делегация жетекшісі Владимир Мединский 339 баланың аты-жөні көрсетілген тізімді алып, әрбір есімді тексеретінін айтты. Дегенмен ол бұл балалардың қайда екені белгісіз екенін алға тартты.
Euronews дереккөздерінің мәліметінше, Мәскеу бұл балалардың әрқайсысының нақты қайда екенін жақсы біледі. Қазіргі уақытта Украина Ресей күштеп әкеткен 19 500-ден астам баланың жеке деректерін жинаған. Алайда олардың тек 1350-і ғана Украинаға қайтарылған. Бұл қайтарулар Қатар, Оңтүстік Африка Республикасы және Ватиканның арағайындығымен жүзеге асырылған.
Киевтің тек 339 баланың есімін ұсынуына байланысты, украин тарапы мұны Мәскеудің уақыт ұтуды көздеп, балалардың жеке деректерін өзгертіп жіберу қаупімен түсіндіреді. Өйткені, Ресей тарапынан балалардың аты-жөнін, құжаттарын өзгертіп, оларды асырап алуға беру әрекеттері тіркелген.
Америкалық соғыс зерттеу институты (ISW) Ресей билігінің соғыс басталмай тұрып-ақ Луганск пен Донецк облыстарындағы жетім балаларды алып кету жоспары болғанын мәлімдеді. Бұл жоспарлар "гуманитарлық эвакуация" деген атаумен жүргізілген. Тізімге Ресейге әлі әкетілмеген, бірақ уақытша оккупацияланған аумақтарда қалып отырған балалардың есімдері де енген. Киев олардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін алға тартып отыр.
Мамыр айындағы алғашқы келіссөздерден кейін тұтқын алмасу жүзеге асырылғаны секілді, Украина енді Мәскеудің балаларды қайтару арқылы "гуманитарлық қадам" жасайтынына үміт артып отыр.
Келесі үшінші келіссөздер кезеңі маусымның соңына жоспарланған. Украина бұл жолы нақты нәтижеге қол жеткізуді көздейді.