АҚШ президенті Дональд Трамп Украина Еуроодақтың қолдауымен өз аумағын қалпына келтіре алады деп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Сейсенбі күні Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Қос тараптың кездесуі шамамен бір сағатқа созылды.
Кейін Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісінде Украинаға арнап жазба жариялады.
"Уақыт, төзімділік және Еуропа, оның ішінде НАТО тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдау арқылы бастапқы шекарасын қалпына келтіруі әбден мүмкін. Ресей үш жарым жылдан бері нәтижесіз соғыс жүргізіп келеді, ал шынайы әскери держава мұндай соғысты бір аптаға жетпей аяқтар еді", – делінген жазбада.
АҚШ басшысы Ресейді "қағаз жолбарысқа" теңеді.
"Украина өз мемлекетінің аумағын бәз-баяғы қалпына келтіре алады. Кім біледі, бәлкім, тіпті әрі қарай да жылжуы мүмкін", – деп атап өтті ол.
Трамптың сөзінше, қазіргі таңда Владимир Путин мен Ресейдің экономикалық ахуалы мүшкіл. Ақ үй басшысы НАТО-ға қару жеткізуді жалғастыруға уәде берді.
Айта кету керек, бұған дейін Зеленский Путинмен Қазақстанда кездесуге дайын екенін айтқанын жазғанбыз.