Жексенбі күні Киевтің және елдің алты облысының 4,5 млн тұрғыны жарықсыз қалды. Украиналықтар шет елдерден генераторларды жаппай сатып алуға көшті. Ел Үкіметі генератор, трансформатор және аккумуляторларды Украинаға баж бен қосымша құн салығынсыз тасымалдауға рұқсат берді.
"Киевте және елдің алты өңірінде электр қуатының үзілуі жалғасуда. 4,5 миллионнан астам тұтынушы электр жарығынсыз қалды. Тұрғындар жаппай электр генераторларын импорттауға мәжбүр. Осыған байланысты Украинаның Министрлер кабинеті генераторлар, трансформаторлар, аккумуляторлар және басқа да осыған ұқсас жабдықтардың импортына алынатын салықты алып тастады", - деп мәлімдеді Владимир Зеленский.
Разумков орталығының Энергетика және инфрақұрылымдық бағдарламалар бөлімінің директоры Владимир Омельченко жағдай одан әрі қиындай түссе, ауыл жұртшылығын қолайлы жерге көшіру қарастырылып жатқанын айтты.
Жарықтың кешкі мезгілде жиі өшірілуі Киевтегі көлік жүргізушілеріне үлкен ауыртпашылық тудырып отыр. Өйткені түн мезгілінде жарықтың жоқтығынан апат соңғы екі аптада 25%-ға артқан. Зеленскийдің тапсырмасы бойынша тұрғындар үшін жылу тарифі келесі жылдың наурыз айына дейін көтерілмейтін болды. Қазіргі күні Украинада қуаттың құны бір киловатт сағатына бір гривна 68 тиынды құрап отыр.