Украинада соғысқан ресейліктерге Еуроодақ елдеріне кіруге шектеу қою ұсынылды

83

Эстония сыртқы істер министрлерінің кездесуінде бұл бастаманы талқылауға шығарды.

Украинада соғысқан ресейліктерге Еуроодақ елдеріне кіруге шектеу қою ұсынылды Фото: Коммерсантъ

Еуропалық одақ Украинада соғысқа қатысқан ресейліктердің ЕО аумағына кіруіне тыйым салу туралы жаңа ұсынысты қарастырып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.

"Ресейде соғысқа қатысқан бір миллионға жуық адам бар. Олардың дені – қылмыскерлер. Олар өте қауіпті адамдар. Соғыстан кейін олардың көпшілігі Еуропаға келуі мүмкін деген ақпарат бар және мен бұған сенімдімін. Ал Еуропа бұған дайын емес", – деді Эстонияның Сыртқы істер министрі Маргус Цахкна.

Маргус Цахкнаның сөзінше, соғыстан кейінгі кезеңде ресейлік ардагерлерді "қара тізімге" енгізу үшін одақ деңгейінде ортақ саясат қажет. ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі басшысы  Кая Каллас кездесу соңында көптеген мүше мемлекеттер Эстонияның жоспарын қолдағанын айтты. Алайда ол бұл елдердің атын атап, түсін түстемеді. 

Виза саясатын үйлестіруге жауапты Еуропалық комиссия былтыр ресейлік паспорт иелеріне қатысты ережелерді қатаңдатқан болатын. Қазіргі таңда олар тек бір реттік визалар алуға ғана құқылы. Бұл мәселенің сыртқы саясатпен тікелей байланысы болғанымен, ол техникалық тұрғыдан көші-қон саласына қатысты. Сол себепті шешімді бекіту үшін көпшілік дауыс жеткілікті.

Желтоқсан айында Ресей президенті Владимир Путин Украинада 700 мыңға жуық сарбаз соғысып жатқанын айтты. Басылымның жазуынша, осыншама адамды "қара тізімге" енгізу Батыс үшін айтарлықтай логистикалық қиындықтар әкелуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу