Украинада соғыс жүргізіп жатқан орыс әскерлерінің біріккен тобының қолбасшысы болып Қарулы Күштер Бас штабының бастығы армия генералы Валерий Герасимов тағайындалды. Бұл туралы сәрсенбіде Ресей Қорғаныс министрлігі хабарлады, деп жазады Inbusiness.kz.
Бұрынғы қолбасшы Сергей Суровикин оның үш орынбасарының бірі болады. Ол әуе-ғарыш күштерінің қолбасшысы болып қалады.
Тағы екі орынбасар Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы армия генералы Олег Салюков пен Бас штаб бастығының орынбасары генерал-полковник Алексей Ким болады.
"Арнайы әскери операцияны басқару деңгейін арттыру оны жүргізу барысында шешілетін міндеттердің ауқымын кеңейтумен байланысты", – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
24 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан бері арнайы операция деп аталатын аймақта әскерлер тобының қолбасшысы лауазымы болған жоқ. Ал 8 қазанда Сергей Суровикин алғаш қолбасшы болып тағайындалды.