Украиналық ұшақты атқан Иран емес – Тегеран билігі

5050

Жергілікті билік батыстық БАҚ өкілдері таратып жатқан ақпаратты қисынсыз өсекке теңеп отыр.

Украиналық ұшақты атқан Иран емес – Тегеран билігі

Иранның азаматтық авиациясы Boeing 737-800 лайнерін зымыранмен Иран құлатты деген ақпарды жоққа шығарды. Бұл туралы Иранның мемлекеттік телеарнасы Press Tv мәлімдеді. 
Жергілікті билік батыстық БАҚ өкілдері таратып жатқан ақпаратты қисынсыз өсекке теңеп отыр. Өйткені қазір бірқатар әлемдік басылымдар ( CNN, BBC, The Guardian, The New York Times) Тегеран маңында болған апатқа Иран кінәлі деп жариялауда. Тіпті Канада премьер-министрі Джастин Трюда да осындай болжам жасап отыр. 

Иранның азаматтық авиация басшысы Әли Әбедзаде Press TV арнасына берген сұхбатында:

"Ғылыми тұрғыдан алып қарасақ, зымыранның ұшаққа тиюі мүмкін емес нәрсе. Ұшқыш 2400 шақырым биіктікте лайнерді жерге қондырмақшы болды, бірақ өрттің кесірінен ұшақ жарылып кетті", – деп кесіп айтты. 

Скот Беннет есімді саяси комментатор Иранның мемлекеттік арнасына берген сұхбатында батыс елдері қазір Иранға ұшақ Тегеранның бұйрығымен атылды деген ақпарат жариялау арқылы көптеген елдерді Иранға қарсы қоюды көздеп отыр, өздеріне жақтас іздеуде деген пікір айтты. 

Айта кететін жайт, Украинаның қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі де Иранда апатқа ұшыраған украиналық ұшақты ирандықтар зениттік ракетамен атып түсіруі мүмкін деген болжам жасап отыр.

Еске сала кетсек, 8 қаңтарда Иран Ирактағы америкалық базаларға шабуыл жасағаннан кейін бірнеше сағат өткен соң Иран жерінде украиналық ұшақ апатқа ұшырап, оның бортында болған 176 адамның бәрі де қаза тапқан еді. Оның 167-сі жолаушы, қалғаны 9-ы экипаж мүшелері.

Ресми дерекке сүйенсек, әуе кемесінің апатқа ұшырауына техникалық ақау себеп болған. Ұшақ Тегерандағы Имам Хомейни атындағы халықаралық әуежайынан әуеге көтеріліп, қала жанындағы Паранд және Шахриар елдімекендерінің арасына құлаған. Ұшақ Тегераннан Киевке рейс жасамақшы болған және оның ұшу уақыты бір сағатқа шегерілген көрінеді. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу