ҰҚШҰ әскерилері жасаған құқық бұзушылық істері қалай тергелетін болады?

339

Қылмыс жасағандарды анықтау мақсатында бірлескен жедел тергеу топтары құрылады. 

ҰҚШҰ әскерилері жасаған құқық бұзушылық істері қалай тергелетін болады? Фото: gov.kz

Сенат отырысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының уақытша болуына байланысты істер бойынша юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі келісім ратификацияланды, деп жазады inbusiness.kz.  

Бұл келісім ҰҚШҰ күштерінің мүше елдердің аумақтарында уақытша болуына байланысты істер бойынша юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелерін айқындайды.

"Яғни, құжат бір елдің әскери қызметкері ҰҚШҰ-ның басқа елінде миссияны орындаған кезінде қылмыстық, әкімшілік немесе тәртіптік құқық бұзушылық жасаған кезде істер қалай шешілетінін реттейді",  - деді құжатты таныстырған сенатор Сергей Ершов.

Оның сөзінше, келісім құзыретті органдардың ынтымақтастық тетігін, құқық бұзушылық жасау кезінде қабылдаушы және жіберуші тараптардың юрисдикциясын ажыратуды, құқық бұзушылықтарды тергеуге тартылған қорғаушылардың, сарапшылар мен мамандардың қатысу тәртібін және іс жүргізу әрекеттері мен дәлелдемелердің заңды күшін өзара тануды қамтиды. 

"Мәселен, егер Қырғызстанда дислокацияланған әскери қызметшіміз біздің басқа әскери қызметшімізге қатысты қылмыс жасаса, онда ол біздің заңымыз бойынша және органдар тарапынан жауапқа тартылады. Егер қабылдаушы тараптың әскери қызметшісіне қатысты әрекет жасаса, онда сол елдің заңы бойынша жауап береді. Қылмыс ізін бекіту, қылмыс жасаған адамдарды анықтау және ұстау үшін бірлескен жедел тергеу топтары құрылады. Сонымен қатар егер егемендік пен қауіпсіздікке нұқсан келтіру қаупі болса, сұрау салынатын тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келсе, онда құқықтық көмек көрсету туралы өтініш қабылданбауы мүмкін", - деп толықтырды Сенат депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу