ҰҚШҰ-да Қазақстан әскерлерін Украинаға жіберу мәселесі қаралған емес – министрлік

668

Отырыс жылына 2 рет: бетпе-бет немесе онлайн өткізіледі. 

ҰҚШҰ-да Қазақстан әскерлерін Украинаға жіберу мәселесі қаралған емес – министрлік

Қорғаныс министрлігі ҰҚШҰ әскери комитетінің кезекті отырысына қатысты ресми түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылғы 14 сәуірде бейнеконференция байланысы режимінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскери комитетінің кезекті отырысы өтті. Оған Қазақстан қарулы күштері бас штабының басшысы қатысты.

Отырыс шеңберінде ұйымның жауапкершілік аймағындағы әскери қауіпсіздік мәселелері, дағдарысқа қарсы әрекет ету тетіктерін жетілдіру және ұйымға мүше елдер қарулы күштері авиациясының халықаралық ұшуларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. 

Тараптар 2022 жылы Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын бірлесіп даярлау шараларын өткізу жоспарын мақұлдады. 

Әскери контингенттерді қандай да бір операцияға қатысу үшін жіберу мәселесі күн тәртібіне қарауға енгізілмеген. 

Қазақстанның қорғаныс министрлігі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберіндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан әскери контингентін жіберу  алгоритмі туралы бірнеше рет түсіндірді.

"Қазақстан Қарулы күштерінің әскери контингентін бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауға жіберу туралы шешімді Мемлекет басшысының жасаған тиісті ұсынысы негізінде Парламент қабылдайды. 
Қазақстан әскери қызметшілерін Украинаға немесе қандай да бір басқа елге жіберу туралы сұрау келіп түскен жоқ және мұндай мәселе қаралған да емес", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, ҰҚШҰ-ға Қазақстан, Ресей Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан елдері мүше.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу