ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерде 900-ден аса есірткі қылмысы анықталды

2,5 тонна есірткі тәркіленді.

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерде 900-ден аса есірткі қылмысы анықталды Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы онлайн брифинг барысында ҚР ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті. 

"Арнайы операция нәтижесінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында 900-ден астам есірткі қылмысы анықталды, 2,5 тонна есірткі тәркіленді, оның ішінде 19,5 кг героин, 856 кг апиын, 560 кг гашиш, 240 кг марихуана және 248 кг "синтетика". 2800-ге жуық оқ-дәрі мен 48 қару табылды және тәркіленді. 5 нарколаборатория таратылды. Жауапкершілікке 561 адам тартылды", – деді спикер. 

Қазақстан аумағында операцияға Ұлттық Ұланның тікұшақ техникасы, пилотсыз ұшу аппараттары және жүріп өту мүмкіндігі жоғары автокөлік жұмылдырылды. Есірткіні тасымалдау жолдары мен арналарын жабу үшін бірлескен мобильді топтар құрылды. 

"Қазақстанның құқық қорғау және арнаулы органдарымен 94 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 17 фактісі контрабанда бойынша.Заңсыз айналымнан 455 кг түрлі есірткі, оның ішінде 53 гр героин, 173 кг марихуана, 2,2 кг гашиш, 18 кг синтетика тәркіленді. 3 есірткі зертхана жойылды. 147 адам жауапкершілікке тартылды. "Канал-Перехват" операциясын жүргізу ҚР 2023-2025 ж. нашақорыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспарының 71 тармағында көзделгенін атап өту маңызды", – деді ІІМ өкілі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу