ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын айта берудің қажеті жоқ – Мемлекет басшысы

266

Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады.

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын айта берудің қажеті жоқ – Мемлекет басшысы Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамда өткен сессиясында ұйымның әлеуетін дамыту және сын-қатер мен қауіпке қарсы іс-қимыл тетіктерінің тиімділігін арттыру үшін бір жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ аясындағы серіктестердің әдеттегі қауіп-қатер деңгейінің ұлғаюына, соның ішінде есірткі, қару-жарақ айналымының, трансшекаралық қылмыс пен заңсыз миграцияның өсуіне қатысты алаңдаушылығына түсіністікпен қарайтынын мәлімдеді. Қазақстан Ұйымға мүше мемлекеттермен бірге осы сын-қатерлерге алдағы уақытта да төтеп беруге әзір.

– Біз ҰҚШҰ қызметінің әдіс-тәсілі мен стратегиясын жолға қоя отырып, заманауи қауіп-қатер мен сын-тегеуріндерді міндетті түрде ескеруге тиіспіз. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай. Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады. Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді. Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, Ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс. ҰҚШҰ беделді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің жетістіктерін паш етті. Бірақ алдымызда ұйымға мүше мемлекеттердің конструктивті мүддесіне сай келуге тиіс жаңа міндеттер тұр, –  деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның әлеуетін дамыту және сын-қатер мен қауіпке қарсы іс-қимыл тетіктерінің тиімділігін арттыру үшін бір жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Президент 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Ұйымға төрағалық ететінін және осы кезеңде басымдық берілетін бағыттарды кеңейтілген құрамдағы жиын барысында жеткізетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Ұйымды қарқынды әрі теңгерімді дамытуға, барлық мүше мемлекеттің ұлттық мүдделерін ескере отырып, ұжымдық қауіпсіздікті нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.

Жиынға Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу