Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің мерейтойлық саммиті 16 мамырда Мәскеуде өтеді. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
"16 мамырда Мәскеуде ҰҚШҰ-ның 30 жылдығына орай ұйымға мүше мемлекеттердің саммиті өтеді. Мемлекет басшылары кездесу өткізіп, таңғы ас форматында жеке басқосулар ұйымдастырылады. Осы іс-шараның қорытындысы бойынша ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась және Армения премьер-министрі Никол Пашинян журналистер алдына шығып сөз сөйлейді", – деді Песков.
Естеріңізге сала кетейік, 10 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық тараптың бастамасымен шақырылған ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс сессиясына қатысты. Онлайн саммитке оған Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Беларусь президенттері, Армения мен Қырғызстанның премьер-министрлері және ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы қатысты.
Табиғат Нұрболат
Фото: odkb-csto.org