ШҚО Ұлан ауданында қоян етін өңдейтін кәсіпорын іске қосылды. Бұл туралы аудан әкімі Дәулет Батырбаев баспасөз-мәслихатта айтты, деп хабарлайды altaynews.kz.
"ЕСО Product" ЖШС қолға алған бұл жобаның келешегінен үлкен үміт күтіп отырмыз", - дейді аудан әкімі.
Төлеген Тоқтаров ауылдық округінде ашылған кәсіпорын жылына 20 тонна қоян етін өндіреді. Қазір кәсіпорында 1000 бас қоян бар. Өндірілген ет жақында "Керемет қоян" деген брендпен экспортқа шығарылмақ. Ал қазір Өскемендегі "Арзан", "АДК", "Сити центр", "Фреш" секілді ірі дүкендерге таратылып жүр. Қарағанды және Павлодар қалаларына жеткізу де жолға қойылыпты.
Тоғыз айдың ішінде аудандағы ауылшаруашылық өнімі 14,6 пайызға артып, мал саны 58,5 мыңға жетіпті. Оның ішінде жылқы басы 2 пайызға, ұсақ мал басы 36,1 пайызға, құс саны 8,1 пайызға өскен.