Ұлан-Батырдан Алматыға ұшақ қатынайтын болады

1295

Мұндай ұсынысты Монғолия тарапы айтып отыр.

Ұлан-Батырдан Алматыға ұшақ қатынайтын болады

Елордада екі елдің үкімет басшыларының қатысуымен қазақ-моңғол бизнес форумы өтті.
Форумның пленарлық отырысында Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин сөз сөйлеп, екі арадағы экономикалық қарым-қатынастың қысқаша тарихына тоқталды.

"Біз екі жақты байланыстарды арттырып, экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруіміз керек.  Инвестициялық әріптестікті дамытудың үлкен әлеуеті бар екенін атап өту қажет. Әсіресе тау-кен, көлік-логистика, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға болады.  Өткен жылдың өзінде жалпы тауар айналымы 80 млн долларды құрады. Бұл соманы ұлғайту мақсатында әлеуеті зор тауарлар тізімін әзірледік.  Сонымен қатар сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай  жасау мақсатында екіжақты жолкартасы әзірленеді.  Жалпы биыл Қазақстанның сыртқы сауда айналымын 100 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отырмыз", – деді Асқар Мамин.

Отырыс соңында 7 инвестициялық жоба бойынша келісімдерге қол қойылды. 

"Бүгінгі бизнес форумға Қазақстаннан 150, Моңғолиядан 50-ден астам компания қатысып жатыр.  Бұл – соңғы екі жылдағы төртінші басқосу. Бүгін жеті келісімге қол қойылды. Оның төртеуі – біздің өнімдерді Моңғолияға шығаруды көздейтін кәсіби келісімдер. Екі арадағы сауда айналымы 80 млн доллар болса, оның 75 млн долларын Қазақстан экспорты алып отыр. Моңғолияның атанасында 1,5 млн халық тұрады. Сол қалаға Қазақстанда құрастырылған 1200 автобус сатып алмақшы. Биылдың өзінде оның 300-ін жеткізу көзделген. Сондай-ақ Моңғолия тарапы Ұлан-Батырдан Алматыға тікелей әуе рейсін ашпақ. Әзірге қай компания, қандай шарттармен қатынайтыны белгісіз. Бұл сол жақтың бастамасы. Биыл мамырда Францияда өткен Дүниежүзілік денсаулық форумында екі ел ветеринарлық қаулыға қол қойған болатын. Ол құжат күшіне енсе, мал экспорты қалпына келуі мүмкін", – дейді  Қазақстанның сыртқы сауда палатасы төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу