Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары Глубоковский ауданындағы Жаңа үлбі ауылының тұрғындарын эвакуациялауды бастады.
ШҚО ТЖД мәлімдеуінше, нөсер жауынның салдарынан Үлбі өзенінің суы арнасынан тасыған. Қазір 14 үйдің ауласын су басқан.
Ауыл тұрғындары өздігінен өзеннің арғы бетіне өте алмайды, себебі көпірге баратын жолды су басқан. Оларға Шығыс өңірлік аэромобильді жедел құтқару бөлімі көмектесіп жатыр. Қазір 26 ересек адам мен 8 бала қауіпсіз жерге көшірілді. 4 адам эвакуациядан бас тартты. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнында ТЖ департаментінің басшысы Нұрлан Мадияров, Глубоковский ауданының әкімі және облыстық әкімдіктің өкілдері жүр.
ТЖД өкілдерінің хабарлауынша, бірнеше күн бұрын ТЖ қызметі тұрғындарға өзеннің суы көтеріліп, су тасқыны болуы мүмкін екенін хабарлаған. Бір күннің ішінде өзен суының деңгейі 94 сантиметрге көтерілген. Құтқарушылардың айтуынша, жағдай бақылауда.