Бүгінгі сотта қорғау тарабы құрылыс саласының маманы Вероника Лобаевадан тұрғын үйдің қасбеті неге құлағанын сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол соттың құрылыс-техникалық сараптамасына пікір білдіріп, сыртқы қабырғалардың кірпіш қалау жұмыстары жобалық, типтік және нормативтік талаптарға сәйкес келмегенін растады.
Оның сөзінше, жобада қарастырылған D69 түйіні биіктігі 5 қабатқа дейінгі ғимараттарға арналған. Ал қасбеті құлаған тұрғын үйдің биіктігі – тоғыз қабат. Мұнан өзге техникалық қабаты да бар.
– Бұл D69 түйіні тек бес қабатқа дейінгі ғимараттарға қолданылады. Оны тоғыз қабатты үйге пайдалануға болмайды. Себебі, бұл типтік серияда ешқандай күшейту қарастырылмаған, арматуралық белдеулер де, қосымша түсіретін белдеулер де жоқ, – деп түсіндірді ол.
Вероника Лобаева бұл жағдайдың сот құрылыс-техникалық сараптамасының зерттеу бөлімінде де көрсетілгенін айтты.
– Меніңше, сарапшылар ғимарат қабатының сәйкессіздігіне тиісті деңгейде назар аудармаған. Құрылысшылар тек бес қабатқа дейінгі ғимаратқа арналған кірпіш қалау конструкциясының типтік сериясын қолданған. Мұндай биіктікте қаптаманың орнықтылығын қамтамасыз ететін инженерлік есептеулер мен конструктивтік күшейту жұмыстары жүргізілмеген, – деді құрылыс саласының маманы.
Сол себепті, уақыт өте келе бұл конструкцияның бұзылуына алып келген.
– Мұның бәрі кешенді түрде шешуші рөл атқарды. Бірақ бастапқы себеп – жобалық сәйкессіздік. Қажетті есептік параметрлерсіз ғимараттың биіктігі екі есе ұлғайтылған, – деді маман.
Жаза кетейік, 2025 жылдың 18 қарашасында фельдшер Ұлдана Мырзуан бақилық болды. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның ерлігін жоғары бағалап, марқұмды "Ерлігі үшін" медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
Кейіннен Астанадағы медициналық колледждердің біріндегі оқу аудиториясына Ұлдана Мырзуанның есімі берілсе, Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Үтіртөбе елді мекенінде арнайы мемориалдық тақта да ашылды.
Сосын фельдшер Ұлдана Мырзуан тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.