Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "ҚазАқпарат" сайтына сілтеме жасап.
Кезекті сот процесінде сотталушы Сәуле Жұбаниязованың адвокаты Асхат Әлімов сөйледі. Адвокаттың айтуынша, айыптау тарапы оның қорғауындағы адамның әрекеті мен ғимарат кірпіштерінің опырылуы арасында тікелей байланыс бар екенін дәлелдей алмаған.
"Қылмыстық заң жауапкершілікті соңғы атқарған лауазым немесе соңғы қойылған қол қағидаты бойынша белгілемейді", – деді адвокат Асхат Әлімов.
Оның сөзінше, сотталушы Жұбаниязованы кінәлі деп тану үшін оның нақты қандай міндеті болғанын, қауіп туралы білгенін, оны оқиғаға дейін анықтай алатын мүмкіндігі болғанын, опырылудың алдын алуға мүмкіндігі бар-жоғын және әрекетсіздігі мен қайғылы оқиға арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екенін дәлелдеу қажет.
Асхат Әлімов биылғы 22 мамырдағы №2673 сот құрылыс-техникалық сараптамасының қорытындысына сілтеме жасады. Оның айтуынша, мамандар ғимараттың құрылыс технологиясы мен конструкциялық шешімдеріне байланысты көптеген ақауларды анықтаған. Олардың қатарында арматуралық торлардың болмауы, қалау ерітіндісі беріктігінің төмендігі, кірпіш қалау талаптарының бұзылуы және қаптама қабатының жеткіліксіз бекітілуі бар.
"Сарапшылардың бұл қорытындылары опырылудың себебі тиісті деңгейде күтім жасалмауы емес, бастапқы құрылыс ақаулары болғанын тікелей растайды. Бұл ақауларды "Гражданстрой" ЖШС 2004-2005 жылдары жіберген", – деді қорғаушы.
Белгілі болғандай, сотталушы пәтер иелері кооперативі төрайымы қызметіне 2025 жылғы 12 мамырда кіріскен. Ғимараттың кірпіштері 8 қарашада опырылған. Бұдан бөлек сотқа дейінгі кезеңде Сәуле Жұбаниязовадан куәгер ретінде жауап алынғаны да айтылды.
Адвокаттың сөзінше, сотталушының әрекетсіздігі ғимараттың опырылуына және фельдшердің қаза болуына себеп болғанын айыптау тарапы дәлелдей алмады.