Ұлдана Мырзуан ісінде адвокат судьяға қарсылық білдірді

Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер ісіне қатысты сот отырыс өтіп жатыр.   

Ұлдана Мырзуан ісінде адвокат судьяға қарсылық білдірді Фото: stan.kz

Бүгін өтіп жатқан екінші сот отырысында қорғау тарапы судья Меруерт Абаеваға қарсылық танытты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осыдан соң сот отырысына үзіліс жарияланды. Судьяға қарсылықты басқа судья немесе сот төрағасының міндетін атқарушы тұлға қарауы керек. 

Үзіліс жарияланбас бұрын судья қорғау тарапының қарсылықтары сот отырысының хаттамасына енгізілгенін түсіндіріп өтті. Оның сөзінше, сотталушының қорғалу құқығы бұзылмады. 

Меруерт Абаеваның айтуынша, 14 тамызда сотталушыны адвокат Дәурен Есләмбекұлы қорғайтыны анықталды. Оған қылмыстық іс материалдарымен танысуға уақыт берілген. 

– Бұл жағдайда сотталушының қорғалу құқығы бұзылған жоқ. Себебі, 2026 жылдың 14 тамызында сотталушыны адвокат Дәурен Есләмбекұлы қорғайтыны белгілі болды. Оған қылмыстық іс материалдарымен танысуға уақыт берілді, – деді судья.

Сондай-ақ, судьяның сөзінше, қорғау тарапына, сотталушыға қылмыстық іс материалдарының толық көшірмелері қағаз және электронды түрде табысталған. 

Сот отырысында айыпталушының жаңа адвокаты Асхат Әлімов ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 87-бабы ("Судьяға қарсылық білдіру") тәртібімен төрағалық етуші судьяға қарсылық білдірді. Осыған байланысты қарсылықты қарау үшін сот отырысына үзіліс жарияланған. 

– Осы сот отырысында судьяға қарсылық білдірілді. Демек, қорғау тарапының төрағалық етуші судьяға қарсылық білдіруге қатысты уәжі бар. Сондықтан, қарсылықты шешу үшін сот отырысына үзіліс жарияланады, – деді Меруерт Абаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу