Елорда прокуроры құқық қорғау органдарына жосықсыз құрылыс салушылардың шетелдегі мүліктерін анықтауға тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Елорда прокуратурасында тұрғын үй-үлескерлік құрылыс істерімен айналысатын құқық қорғау органдарының қатысуымен ведомствоаралық жиналыс өткізілді. Жиналыс барысында қала прокуроры Болат Дембаев тергеушілерге үлескерлер қаражатын ұрлауға қатысушы тұлғалардың (бухгалтерлер, серіктестер, қосалқы мердігерлер және тағы басқалар) қылмысын анықтауды тапсырды", - деп хабарлады қала прокуратурасынан.
Сондай-ақ, олардың жақын туыстарына рәсімделген мүліктерді және шетелге шығарылған қаражаттарды анықтау тапсырылды. Бүгіннің өзінде құқық қорғау органдары Кәрімбековаға қатысты ("Жастар-4" ТК салушы) қылмыстық іс қозғап, оның Астананың элиталы аудандарының біріндегі 180 шаршы метрден тұратын үйін анықтады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.