Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияны Қазақстанның саяси тұрғыдан Еуропадағы маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, екі елдің өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі, соның ішінде Сириядағы қақтығысты реттеу мәселесіндегі ұстанымдары ортақ.
"Қазақстан Сирия ісі бойынша Астана процесін өткізуге арналған алаң ұсынады және ол Женева процесін толықтырады", – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Швейцария арасындағы әріптестікте экономика саласы негізгі рөл атқаратынын атап өтті.
"Бүгінде Швейцария Конфедерациясы біздің экономикамызға қаржы құю мөлшері бойынша үшінші инвестор саналады және Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің алғашқы ондығына кіреді. Соңғы 15 жылда швейцариялық инвестиция көлемі 24 миллиард доллардан асты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, өзара тауар айналымы 3 миллиард доллардан асты", – деді Мемлекет басшысы.
Президент келіссөздер барысында тараптардың шикізаттық емес тауарлардың компонентін және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін тауар айналымының құрылымын әртараптандыру жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажеттігіне назар аударғанын атап өтті.
Сондай-ақ, машина жасау, химия, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірқатар бірлескен жобалардың келешегі мол екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев іргелес нарықтарға өнім экспорттау үшін Қазақстанда бірлескен өндірістер ашуға қатысты жобалар бойынша қызығушылық білдірген швейцариялық инвесторларға жан-жақты көмек көрсетуге әзір екенін білдірді. Сондай-ақ Швейцария Президенті Нұр-Сұлтанға бизнес-делегация өкілдігімен бірге келгенін және оның көптеген бағыттар бойынша кооперациялардың перспективаларын егжей-тегжейлі талқылауға жақсы мүмкіндік беретінін атап өтті.
Швейцария Президенті экономика саласынан бөлек, технология, қызмет көрсету, мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтарды нығайтуды ұсынды.
"Біз Нұр-Сұлтан мен Цюрих арасында тікелей әуе қатынасын ашуымыз керек. Бұл екі ел халқының бірін-бірі танып, жақындай түсуіне жол ашады. Біздің ынтымақтастығымыздың негізгі мәні де осы", – деді Ули Маурер.