Үлкен Нарын ауданында өнеркәсіп дамып, туризмнің әлеуеті артып келеді

82

Ауданда құны 1,4 млрд теңге болатын жаңа асфальтбетон зауыты іске қосылып, өнім шығаруға кірісті.  

Үлкен Нарын ауданында өнеркәсіп дамып, туризмнің әлеуеті артып келеді Фото: gov.kz

Қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібі ауданның жалпы өнеркәсіп көлемінің 37 пайызын құрап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Аудан әзірге Ұлттық инвестжобалар пулына кірмеген. Осыған байланысты аудан әкіміне жаңа бастамалар әзірлеу, инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмысты күшейту тапсырылды.

Туризм де экономикалық өсімнің маңызды драйверлерінің біріне айналып келеді. Туристер саны 38,5 пайызға артып, 4,9 мың адамға жетті. Ауданға келушілерді орналастыратын 6 нысан бар. Сонымен қатар ауылдың кіреберісінде заманауи жол бойы сервисі ашылды.

Келесі жылы Приморск ауылында жағажай аймағын абаттандыру және Бұқтырма су қоймасы жағалауының турбазаларға арналған учаскелерін қамтитын бас жоспар әзірлеу жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің Үлкен Нарын тұрғындарымен өткен кездесуінде тағы қандай мәселелер талқыланды?

Аудан бойынша биыл онкологиялық аурушаңдық 26%-дан астам төмендеп отыр. Дегенмен, сәби өлімі тіркелген. Осыған байланысты облыс әкімі ШҚО денсаулық сақтау басқармасына және аудан әкімдігіне сырқаттанғандар мен өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуге бағытталған нақты шаралар әзірлеуді, медициналық кадрларды тарту жұмысын күшейтуді тапсырды.

Денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында ауданда балаларға арналған оңалту орталығы ашылады. Бұған дейін Үлкен Нарын тұрғындары осындай орталықтың қажеттілігі жөнінде облыс басшылығына өтініш жолдаған болатын. "Қамқорлық" қорының қолдауымен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған ауданаралық оңалту орталығын іске қосу жоспарланып отыр. Ол Күршім, Алтай және Катонқарағай аудандарының тұрғындарын да қамтитын болады.

Қызметтің ыңғайлы ұйымдастырылуы үшін аудандық аурухананың жалпы аумағы шамамен 1,5 мың шаршы метр болатын екі қабаты орталыққа бейімделіп жатыр. 

Ғимарат ауданның коммуналдық меншігіне өткеннен кейін жөндеу жұмыстары бюджет есебінен жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу