Ұлт ұстазы туралы көркем фильм түсірілді

1379

Семейде қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері және саяси публицист Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған "Соңғы үкім" тарихи фильмінің түсірілімі аяқталды.   

Ұлт ұстазы туралы көркем фильм түсірілді Фото: Ұлттық кино орталығы

Туынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен өндіріске енгізілді, деп жазады inbusiness.kz аталған орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаның түсірілімі өткен жылы Алматыда басталған болатын, ал биыл түсірілім процесінің негізгі бөлігі Семей қаласында және Алматы қаласы мен Абай облысының табиғат аясында өтті.

"Қазіргі уақытта картинаны монтаждау кезеңі жүріп жатыр. Ал фильмнің тұсаукесері 2023 жылдың 2 ақпанына жоспарланып отыр. Себебі бұл күні Байтұрсынов редактор болған алғашқы кәсіби "Қазақ" газетінің 110 жылдығы тойланады", - делінген ақпаратта.

Фильм Ахмет Байтұрсынов өмірінің қырық жылын қамтитын шағын эпизодтардан тұрады. Киножоба бастауыш мектептің қарапайым оқытушысынан ұлттың ұстазына айналған Ахметтің таңғажайып тағдырына әсер еткен маңызды оқиғалар туралы баяндайды. Басты рөлде Азамат Сатыбалды. Сондай-ақ, фильмде Дарья Александрова, Александр Багрянцев, Ерлан Карибаев және басқалар ойнады.

"Байтұрсынов – біздің мақтанышымыз. Менің ойымша, біздің жас ұрпақ осындай фильмдерді көруі тиіс. Өйткені, Ахмет ағаның жасаған істері, Алаш Орда қайраткерлерінің ерлігі – бүгін кездеспейтін батылдық. Сондықтан сол кездегі оқиғаларды заманауи көрерменге көрсету керек", - дейді басты рөлді сомдаған актер Азамат Сатыбалды.

Түсірілім тобын режиссерлер Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин басқарды. Қоюшы-оператор Марс Омаров. Бас продюсер - Дастан Атығаев. Сценарий авторы - Ғалым Доскен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу