Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада еліміздегі жалғыз электрондық жүйе жұмыс істейді. Күн сайын цифрлық кітапханаға әлемнің 100-ден астам елінің адамдары кіреді. Бүгінде цифрлық форматта 70 мың туынды қолжетімді.
Мекеме директоры Ғазиза Нұрғалиева ұлттық кітапхананың құрылу тарихы туралы айтып берді.
Оның айтуынша, кітапхана 2004 жылы электронды кітапхана ретінде ашылған.
"Дәстүрлі кітапхана ісін жалғастыру үшін кітап қоры құрылды. Осылайша, біз дәстүрлі және заманауи кітапхана ісін қатар жүргізіп жатырмыз", - деді ол.
Ғазиза Нұрғалиева академиялық кітапхана еліміздегі екі ұлттық кітапхананың бірі екенін атап өтті.
"Бізге елімізде жарық көрген әртүрлі кітаптар мен журналдардың көшірмелері жеткізіледі. Қазіргі уақытта бізде 13 мың сирек басылымдар жинағы бар", - дейді ол.
Ұлттық кітапхана басшысының айтуынша, сирек басылымдардың көшірмелері электронды кітапханаға дем беріп, арнайы бөлім құрылып, туындылар цифрлық форматқа ауыстырылды.
"Бүгінгі таңда электронды кітапханаға 70 мыңға жуық шығарма енгізілді. Оның 40 мыңы – кітап", - деді ол.
Сондай-ақ, Ғазиза Нұрғалиева кітапхана жұмысына қатысты алдағы жоспарлармен бөлісті.
"Біріншіден, біз Қазақстанның 3 мыңнан астам кітапхананың бірыңғай электрондық дерекқорын құрғымыз келеді. Бұл пайдаланушыларға кез келген кітаптың орналасқан жері туралы ақпаратты табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз ғылыми жұмыстарды дереккөз ретінде жүктеп алғысы келетіндер үшін авторлық құқықты тікелей жұмыс иесіне цифрлық кітапхана арқылы төлеу механизмін іске қосуға тырысамыз", - дейді кітапхана директоры.