Ұлттық ат спорты түрлерінен Президент Кубогы үшін дәстүрлі жарыс өтті

1028

Дәстүрлі жарыс биыл Астананың 25 жылдығына арналды.

Ұлттық ат спорты түрлерінен Президент Кубогы үшін дәстүрлі жарыс өтті

Мерекелік шарада аламан бәйге, топ бәйге, құнан, тай, жорға жарыстан бөлек аударыспақ, қыз қуу сияқты қан қыздырар ойын ойналып, Алатау бөктеріндегі "Көкбастау" ипподромын думанға бөледі, деп хабарлайды Egemen Qazaqstan.

Жыл сайын Конституция күні жалауы көтерілетін жарыс 20 жыл бойына жалғасып келеді. Әу баста аудандық деңгейде басталған шара қазір халықаралық сипатқа ие болған. Биылғы аламанға ел аумағынан және көрші мемлекеттерден 170 сәйгүлік келіпті. Ал ұзақ қашықтыққа шабатын жүйріктердің өзі елу шақты болды. Жарысқа кіл автокөліктер тігіліп, жеңімпаздарға кілт тапсырылды.

"Көкбастау" ипподромының топырағын алдымен жүйрік тайдың тұяғы тілгіледі. Жанкүйерін қиқуға бөлеген жарыста Жамбыл ауданының "Хантәңірі" атты жүйрік тайы қара үзіп келіп, бәйгелі болды. Ал құнан бәйгеде топтан оқ бойы оза шапқан Қарасай ауданының "Нұрқасқасы" бірінші орынды иеленді. Топ бәйгеде көршілес Жамбыл облысынан келіп бақ сынаған "Жүректоры" атты сәйгүлік шашасына шаң жұқтырмады. Жорға жарысында Астана қаласынан арнайы келген "Эдельвейс" атты жануардың төрт аяғы тайпалып, топтан қара үзіп келді.

Жарыстың қызығы 25 шақырымдық аламан бәйге болды. Жұрттың тақымын қыстырған жарысқа 50 ат қатысып, арасынан Жамбыл облысы үкілеп қосқан "Қаркөз" атты жүйрік қара үзіп шықты. Жүйрік жануардың иесі Артығали Миразовқа биылғы бәйгенің бас жүлдесі – Ұлттық ат спорты түрлерінен Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы мен "УАЗ Патриот" автокөлігі бұйырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу