Ұлттық банк алаяқтықтың жаңа түрі шыққанын ескертті

5709

Алаяқтардан қалай қорғанамыз?

Ұлттық банк алаяқтықтың жаңа түрі шыққанын ескертті Фото: baq.kz/

Қазақстан Ұлттық банкі телефон алаяқтары жаңа схемалар ойлап тапқанын ескертті. Алаяқтар ұялы телефонға келген хабарламаны өзіне жіберуді, сілтемеге өтіп қосымшаны жүктеуді сұрайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Қаскөйлер өзін коммуналдық қызметтің немесе ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырып, мобильді телефондағы SIM-картаның қолдану мерзімі немесе коммуналдық есептеуіш құралының пайдалану мерзімі аяқталғанын хабарлайды. Телефонмен әңгіме кезінде азаматтарға олардың қызметін ұзартуға немесе электронды кезекке тұруға болатынын айтады.

"Әрі қарай алаяқтар ұялы телефонға келген хабарламаны өзіне жіберуді, сілтемеге өтіп қосымшаны жүктеуді немесе мессенджердегі жаңа функцияларды іске қосуды, не болмаса, дербес деректерін хабарлауды сұрайды. Кейін телефонға қосылып алған соң қаскөйлер азаматтың қаражатын ұрлап, SIM-картаның виртуалды көшірмесін қосып алады", – деп жазылған Ұлттық банктің хабарламасында.

Шоттағы ақшаларды қолды қылғаннан кейін алаяқтар алданған азаматтармен қайта байланысып, өздерін Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырады. Сөйтіп екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларын орнатып, ақшалай немесе тауарлай кредиттер ресімдейді.

Қаскөйлер өз ісінің заңдылығын растау үшін Ұлттық банк қызметкерінің қолдан жасалған қызметтік куәлігін, Ұлттық банктің жалған құжаттарын, ақша құралдарын сақтандыру немесе банктік аударымдар жасау үшін хаттар мен реквизиттер ұсынады.

Ұлттық банк азаматтарды қырағы болуға және күдік туғызған қоңырауларға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, сондай-ақ бейтаныс адамдардың нұсқауымен HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewer сияқты қашықтан басқаратын басқа да қосымшаларды орнатпауға шақырады.

Алаяқтық әрекеттерге ұрынып қалмас үшін Ұлттық банк мемлекеттік органдар мен Ұлттық банктің қызметкері болып қоңырау шалған адамдармен арадағы байланысты үзуге кеңес беріп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу