Антифрод орталыққа кредит бюролары, қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган мен өзге де ұйымдар қосылатын болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Ұлттық Банк Антифрод орталықтың жұмыс істеу мәселелерін реттейтін Ұлттық Банктің Басқарма қаулысына түзетулер жобасы әзірленгенін хабарлады.
– Жоба "Банктер және банк қызметі туралы", "Киберқауіпсіздік туралы", "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдардың және Цифрлық Кодекстің қабылдануына байланысты "Төлемдер мен төлем жүйелері туралы" заңда қабылданған өзгерістермен байланысу үшін әзірленді.
Антифрод орталыққа кредит бюролары, қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган мен өзге де ұйымдар қосылатын болады, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге нормативтік құжаттың жобасы Антифрод орталықтың қосымша дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу тәртібін бекітеді (заңсыз пайдаланылған абоненттік нөмірлер, бірнеше несиелік өтінімдер бойынша).
Қоңырау кезінде абоненттік нөмірден алаяқтық белгі анықталған кезде ұялы байланыс операторларының, бірнеше несие өтінімі бойынша Антифрод орталық қатысушыларының өзара іс-қимыл алгоритмі бекітіледі және байланыс операторлары ұсынатын ақпарат негізінде үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттерінен зардап шегуі мүмкін азаматтардың дерекқоры Антифрод орталықта қалыптастырылып, редакциялық сипаттағы өзге де түзетулер енгізіледі.
Құжат жобасына берілген ақпараттық кестемен "Ашық НҚА" порталында танысу мүмкіндігі бар.