2025 жылғы 25 тамыздағы қаулысымен Ұлттық банк Басқармасы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тарапынан Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы банкноттар мен монеталарды сату және сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжаттың атауы жаңа редакцияда берілді:
"Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тарапынан Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы банкноттар мен монеталарды, соның ішінде арнайы қаптамадағы банкноттар мен монеталарды сату және сатып алу қағидалары".
Ережеге жаңа ұғым енгізілді:
- арнайы қаптама – банкноттар мен монеталарды зақымданудан қорғайтын қаптама.
Физикалық және заңды тұлғаларға банкноттар мен айналымдағы монеталарды сату, сондай-ақ оларды осы тұлғалардан номиналдық құны бойынша сатып алу Ұлттық банк филиалдары мен Ұлттық банктің Орталығы арқылы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ енді банкноттар мен айналымдағы монеталарды арнайы қаптамада физикалық және заңды тұлғаларға сату Ұлттық банк филиалдары, Ұлттық банктің Орталығы және Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы жүргізіледі.
Арнайы қаптамадағы банкноттар мен айналымдағы монеталардың сату бағасын Ұлттық банк директорлар кеңесі белгілейді. Бұл баға банкноттар мен монеталардың номиналдық құнынан, арнайы қаптама құнынан тұрады және тұрақты (бекітілген) болып есептеледі.
Өзгерістерге сәйкес, егер арнайы қаптамадағы банкноттар мен монеталар Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы сатып алынатын болса, онда физикалық және заңды тұлғалар оларды жеткізу құнын және жеткізу шартына сәйкес белгіленген сақтандыру жарнасын қосымша төлейді.
Физикалық және заңды тұлғалардан арнайы қаптамадағы банкноттар мен айналымдағы монеталарды сатып алу Ұлттық банк филиалдары және Ұлттық банктің Орталығы арқылы, олардың төлемге жарамдылығын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 29 қарашадағы "Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының төлемге жарамдылығын айқындау қағидаларын бекіту туралы" қаулысымен белгіленген тәртіпте айқындай отырып, олардың номиналдық құны бойынша жүзеге асырылады.
Инвестициялық және коллекциялық монеталарды Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы сатып алу кезінде физикалық және заңды тұлғалар сатып алынған инвестициялық және коллекциялық монеталарды жеткізу құнын және оларды жеткізу шартында айқындалған сақтандыру жарнасын қосымша төлейді.
Инвестициялық немесе коллекциялық монеталарды сатып алу кезінде физикалық және заңды тұлғалар (немесе олардың өкілдері) Ұлттық банк филиалына немесе Ұлттық банктің Орталығына: жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы алынған цифрлық нұсқасын; сондай-ақ инвестициялық немесе коллекциялық монеталарды сатып алуға өкілеттілікті растайтын құжаттың түпнұсқасын немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы алынған цифрлық нұсқасын (егер адам физикалық немесе заңды тұлғаның атынан өкіл ретінде әрекет етсе) ұсынады.
Инвестициялық немесе коллекциялық монеталарды сатып алу (қайтару) кезінде физикалық және заңды тұлғалар (немесе олардың өкілдері):
- инвестициялық немесе коллекциялық монеталарды сатып алуға арналған өтінішті екі данада толтырады, оның бірі Ұлттық банк филиалында немесе Орталығында қалады, ал екіншісі өтініш білдіруші тұлғаға беріледі;
- жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы алынған цифрлық нұсқасын, сондай-ақ монеталарды сатып өткізуге өкілеттілікті растайтын құжаттың түпнұсқасын немесе цифрлық нұсқасын ұсынады (егер бұл өкіл арқылы жасалса).
Сонымен қатар, бейқұнды металдардан жасалған коллекциялық монеталар олардың номиналдық құны бойынша сатып алынады.
Бейқұнды металдардан жасалған коллекциялық монеталарды сатып алу кезінде олардың төлемге жарамдылығын Ұлттық банк филиалының немесе Орталығының қызметкері қолданыстағы қағидаларға сәйкес айқындайды.