Ұлттық банк базалық мөршелемені тағы да өзгеріссіз қалдырды. Бұл - орталық банктің нақты деректер мен жаңа факторларды ескере отырып қабылдаған шешімі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бүгінде инфляция қарқыны бәсеңдесе де, нормадан әлі де асып тұр. Өйткені елдегі жанар-жағармай бағасы мен коммуналдық тарифтердің өсуі оған басты себеп. Сондықтан бас банктің болжамынша, ставка екінші жартыжылдықта ғана төмендеуі мүмкін.
Елде инфляция бәсеңдеп келеді. Оған әлемдік азық-түлік бағасының арзандауы, Қазақстанның сауда-серіктес елдерінде инфляцияның едәуір баяулауы себеп. Қазір жылдық инфляция 16,8 пайызға түсті. Азық-түлік инфляциясы 17,9 процентке төмендегенімен, оған жатпайтын тауарлардың бағасы жоғарылап отыр.
"Біз осы жылдың аяғына дейінгі болжамдарды 11-14 пайызға дейін көтердік. Оның негізгі себебі осы жанар-жағармай мен ТҮКШ тарифтердің өсу себебі. Оның тікелей және жанама әсері бар. Біздің болжауымыз бойынша жанама әсері 1 пайыздан 2,5 пайызға дейін болуы мүмкін", - деді ҚР Ұлттық Банкі төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Ұлттық банк өткен жылдың желтоқсанында базалық ставканың деңгейін 16,75 пайыз деңгейінде қабылдаған еді. Осымен төртінші рет мөлшерлеме өзгеріссіз қалды. Оған бірнеше фактор себеп. Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, Қазақстанда инфляциялық қысым әлі де болса сақталып отыр. Өйткені ел ішінде сұраныс жоғары, әрі халықтың инфляциялық күтулерінде тұрақтылық жоқ.
"Біздің бағалауымыз бойынша, нақты инфляцияның оң динамикасын ескерсек, ақша-кредит шарттары тежеу деңгейіне жетті. Осыған байланысты Ұлттық Банк биылғы жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлемені бір қалыпты және байыппен төмендету мүмкіндігін қарастырады", - деді ҚР Ұлттық Банкі төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Не де болса, Ұлттық банктің келесі шешімі жанар-жағармай мен коммуналдық тарифтердің бағасына байлаулы болмақ. Одан өзге, инфляциялық күтулердің динамикасы мен 2024-25 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезіндегі қағидалар да маңызды рөл ойнамақ. Бас банктің Ақша-кредит саясаты комитеті келесі ставканы 5 шілдеде жариялайды.