Ұлттық банк базалық және қайта қаржыландыру мөлшерлемелерін теңестірді

1041

Ұлттық банк базалық және қайта қаржыландыру мөлшерлемелерін теңестірді

2017 жылғы 1 сәуірден бастап ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің мәні базалық мөлшерлеменің мәніне теңестіріледі. Бұдан әрі базалық мөлшерлемені өзгерту ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесін автоматты түрде және синхронды өзгертуге әкеліп соғады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Банктің мәлімдеуінше, 2017 жылғы 24 ақпанда ҚР Ұлттық банк басқармасы ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесін және базалық мөлшерлемені конвергенциялау (яғни теңестіру) тетігі туралы қаулы қабылдаған. Мөлшерлемелерді конвергенциялау бойынша шешім 2016 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатының 2017 жылға арналған негізгі бағыттары шеңберінде жарияланып отыр.

"Мөлшерлемелерді конвергенциялау туралы шешім экономиканың түрлі сегменттерінде ақшаның құнын теңестіру мақсатында қабылданған.  Қазіргі уақытта ақша нарығындағы ақша құны базалық мөлшерлемемен (қазіргі сәтте – 11%) айқындалады. Бұл ретте ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің  зиянды өтеу, жіберіп алған пайданы есептеу үшін  өсімпұл, айыппұл есептеген кездегі азаматтық-құқықтық және әкімшілік-құқықтық қатынастарда пайдаланылатын, 5,5% мөлшеріндегі ағымдағы деңгейі ақшаның нақты құнын көрсетпейді", - делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік,  нарықтағы аталған теңгерімсіздікті жою үшін неғұрлым оңтайлы тәсіл таңдалған – мөлшерлемелер арасындағы айырма ең аз болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу